Кентауда алты жасар баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Бала ауруханаға жетпей көз жұмды

Түркістан облысының полицейлері автокөлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен тұрғынды ұстады. Бұл туралы polisia.kz хабарлайды.
Кентау қалалық полиция бөліміне орталық ауруханадан хабарлама түсіп, жол апаты салдарынан дене жарақатымен жеткіншек бала түсіп, жан тапсырғаны айтылған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел-тергеу тобы адам қаққанына қарамастан, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушіні анықтауға кірісті. Куәгерлерден жауап алынды. Оқиға болған күні кезекшілікте болған Мұхаммедәлі Тұрғынбаев қырағылық танытып, осы іске қатысты күдіктіні ұстауға көмектескен.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ауыл көшелерінің бірінде келе жатқан. Осы мезетте алты жасар бала көлік алдынан жүгіріп шыға келген. Жүргізуші көлігін басқара алмай, оны қағып кетеді. Содан соң оны ауыл ішіндегі дүкендердің біріне алып барып, оқиға орнынан қаша жөнеледі. Ал дүкен иесі жедел-жәрдем қызметкерлеріне шұғыл хабар берген. Алайда бала ауруханаға жетер-жетпес көз жұмған. Күдікті болса көлігін ауыл шетіне апарып, қорасына жасырған.