Симбаға хайуанаттар бағында жаңа қоршау салынды
«Snow Leopard Foundation» қоры Алматы хайуанаттар бағында Симба атты арыстанға арналған жаңа қоршаудың құрылысын ойдағыдай аяқтады.
Бүгін Алматы хайуанаттар бағында Симба атты арыстанға арналған жаңа қоршаудың ресми ашылуы өтті. Жалпы ауданы 750 шаршы метрден асатын қоршау үш аймақтан тұрады: экспозициялық (серуендеу) қоршау, тыныш аймақ және қысқы үй-жай. Қысқы үй-жай екі жануарға арналған.
Экспозициялық қоршау табиғи материалдарды пайдалана отырып жабдықталған, сондай-ақ тереңдігі 1,5 м болатын арыстанға арналған бассейн қарастырылған.
«Мұның бәрі аңның табиғи мінез-құлқын көрсету үшін жасалған. Қоршаудың құрылысы хайуанаттар бағының халықаралық қауымдастығының стандарттарына сәйкес, сондай-ақ қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету ескеріле отырып жүргізілді. Келушілер үшін қыздырылған шыныдан жасалған екі үлкен бақылау терезесі бар», - деп хабарлады «Snow Leopard Foundation» қорының негізін қалаушы Нұрали Әлиев.
Қор негізін қалаушы Алматы хайуанаттар бағын және арыстанды құтқаруға қатысқандардың бәріне алғысын білдірді.
«Біз ақтаулық арыстанның өміріне алаңдадық, Симбаны құтқарғанымызға және заманға лайық жаңа қоршауға орналастырғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Енді Симбаның тағдыры туралы әңгіме жақсылықпен аяқталатын өнегелік оқиға болады», - деп бөлісті.
Өз кезегінде, Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбековтың айтуынша, Жаңа жылда Симба хайуанаттар бағының балансына өтеді.
Хайуанаттар бағының ветеринарлары арыстан өзін жақсы сезінетінін және жаңа кең қоршауына кіруге дайын екенін айтты.
«Симба айтарлықтай өсіп, жасына сәйкес салмақ жинады. Бірнеше ай бойы ол карантиндік стационарда болды. Осы уақыт ішінде біз оны кешенді медициналық тексеруден өткіздік, оның дамуындағы барлық кемшіліктер мен бойындағы ауруларын анықтадық», - дейді мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жазда Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылының тұрғындары көшеде кезіп жүрген арыстанды тапқан болатын. Бұрынғы иесі жануардан бас тартып, сот шешімімен жас жігітке айыппұл салынды. Алматы хайуанаттар бағы арыстанды өзіне алуға келісті, бірақ хайуанаттар бағында 6 аң болатын және тағы бір арыстанды орналастыруға орын болмады. Осы жағдайға қатысты SnowLeopardFoundation қоры Симба үшін жаңа қоршау құрылысын және оны тасымалдауды қаржыландыруға көмек берді.