ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1180 адам коронавирус жұқтырды

14 жылдан бері Ресей мен Қазақстаннан қатар зейнетақы алып келген азамат сотталды

Ол мемлекетке 9,2 млн теңгеден астам залал келтірген

Фото: Батыржан Беспаев

Ресей азаматы 14 жыл бойы Қазақстан аумағында зейнетақыны заңсыз алып отырған. Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Ресей Федерациясының азаматына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қозғап, тергеу жүргізген. 

Ол Қазақстан азаматы бола тұра, 2003 жылы Ресейге барып, сол мемлекеттің азаматтығын алған және екі мемлекет аумағында зейнетақы алып отырған. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталығына РФ азаматтығы бар екенін әдейі жасырып, ҚР-да зейнетақы алуға құжат тапсырған. 

Осылайша, 2006 жылдан бастап 14 жыл бойы айыпталушы ҚР аумағында зейнетақы төлемдерін заңсыз алып отырған және мемлекетке 9,2 млн теңгеден астам залал келтірген. 

Батыс Қазақстан облыстық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі 1-тармағында көрсетілген қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.