Әкімшісі 2 рет қамауға алынған «Алания» түнгі клубы жабылуы мүмкін
Елордадағы «Алания» түнгі клубы тағы да карантин тәртібін бұзды

Өткен түні сағат 02:50-де мобильдік топ «Алания» түнгі клубының тағы да карантин режимін сақтамағанын анықтады. Бұл жолы арнайы топ мекемеде 70 келуші көңіл көтеріп жатқан жерінен түскен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұған дейін, яғни қыркүйек айының соңында 25 жастағы клуб әкімшсіне бірнеше рет ескерту жасалып, ол Әкімшілік кодекстің 667-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған еді. Соған қарамастан, мекеме карантин уақытында жұмыс істеуін тоқтатпаған.
Мекеме әкімішісіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол факт Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот шешімен ол кінәлі деп танылып, бір тәулікке қамауға алынды. Құқықбұзушылық мұнымен тоқтаған жоқ. Мобильдік топ 13 қарашада түнгі клубтың тағы да карантин талабын бұзғанын анықтады. Сот шешімімен клуб әкімшісі 2 тәулікке қамауға алынды.
Карантин талаптарын қайта-қайта бұзғаны үшін жиналған материалдар әкімшілік жауапқа тарту үшін қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. Қазір мекеменің жұмысын тоқтату туралы мәселе қарастырылып жатыр. Карантин талаптарын бұзғаны үшін жиналған материалдар 15 рет Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілген.
«Алания» түнгі клубы жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін, келушілер кальян ұсынғаны 20 рет әкімшілік жауапқа тартылған.