Экс-банкир Жомарт Ертаевқа қатысты сот үкімі шықты
Сот үкімімен ол 11 жылға сотталды
Алматыда Жомарт Ертаев пен Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша басқа да айыпталушыларға қатысты үкім шықты. Сот үкімімен экс-банкир Жомарт Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, 28 қыркүйекте айыпталушы Жомарт Ертаев Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында соңғы сөзін айтты. Екі жылдан астам уақыт қамауда болған экс-банкир бұрын қой баққанын, барахолкада сауда жасағанын айтты. Өмір тарихын баяндаған Ертаев жасаған ісіне өкінетінін, алайда мақтанышпен айта алатын алатын сәттері де көп екенін жеткізді.
Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыруға қатысты тергеу 2017 жылы басталып, Жомарт Ертаев 2018 жылдың 8 мамырында қамауға алынды. Тергеу дерегінше, ақша жымқыру 6 жылға жалғасқан. Жымқыруға қатысы бар 36 банкирдің үстінен жүріп жатқан қылмыстық іс 700 томнан тұрады.
Ертаев сөзінің соңында жәбірленушілермен есеп айырысып, балаларының өсіп-өнуіне жағдай жасағысы келетінін айтты. Ал мемлекеттік айыптаушы 48 жастағы Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.