Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты күдікті қамауға алынды - ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Тергеу-жедел тобы жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекенінің жастары арасында болғанын анықтады

Санжар Әділов, фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов 10 қарашада төбелес салдарынан қайтыс болған Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты ақпарат берді.

«2020 жылдың 10 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы Көктал ықшамауданында төбелес болған. Төбелес салдарынан 17 жастағы Жанболат Ағаділ пышақ жарақатын алып, қайтыс болды. Тергеу-жедел тобы жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекенінің жастары арасында болғанын анықтады. Ақмола облысына қарасты Талапкер елді мекененінен 20 шақты жігіт Көктал ықшамауданындағы жұмысшылар тұратын орынға келген», - дейді Санжар Әділов.

ІІМ өкілінің айтуынша, жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Талапкерден келген жігіттердің қатарында Жанболат Ағаділ де болған. Ол пышақ жарақатын алып, жедел-жірдем келгенше оқиға орнында көз жұмған.

«Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық бабы) бойынша, 99-баптың 2-бөлігі (кісі өлтіру) қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Төбелеске қатысушылардың бәрі ұсталды. Негізгі күдіктілер де қамауға алынды. Төбелеске қатысқан үшеу, оның ішінде кісі өлтірді деген күдікпен біреуі Нұр-Сұлтан полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп толықтырды ІІМ өкілі.

Санжар Әділовтің айтуынша, бұл іске қатысты жиналған материалдар бойынша күдіктілердің кінәсі дәлелденген.

«Төбелеске қатысқан күдіктілер, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды өлтірді деген күдіктінің аса ауыр қылмыс істегені толықтай әшкереленді», - деп түйіндеді сөзін.

Еске сала кетейік, төбелес кезінде жарақат алып, мерт болған Жанболат Ағаділ – 2020 жылдың 25 ақпанында уақытша қамау изоляторында қайтыс болған  Дулат Ағаділдің ұлы.