Маңғыстауда екі отбасы газдан уланып, 9 адам ауруханаға түсті
Олар кешкі ас ішіп отырғанда кезекпен әлсіреп, құлай бастаған
Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында 9 адам газдан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Екі бөлмелі жер үйде тұратын отбасыға ағасы бала-шағасымен қонаққа келеді. Олар тамақ пісіру үшін газ баллонын қолданған. Екі отбасы бала-шағасымен кешкі ас ішіп отырғанда кезекпен әлсіреп, құлай бастайды. Ересектердің бірі орнынан тұрып, сыртқы есікті ашып, жедел-жәрдем шақырады. Зардап шеккендердің барлығы аман қалды.
«Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері, 3 бірлік техника жұмылдырылды. Уақытша баспанада газ жылытқышының ақауынан газ тарай бастаған», – деді М.Мұханов.
Ересектер облыстық ауруханаға, ал балалар Ақтаудағы балалар ауруханасына жеткізіледі. 8 баланың 4-уі қазір үйлеріне жіберілді. Ал үйдің иесі мен 4 бала ауруханада ем алып жатыр..