Маңғыстауда көлік жүргізушісі полиция қызметкерінің басынан таспен ұрды
Оқиға Ақтау-Шетпе-Бейнеу трассасының бойында болған

Маңғыстауда мас жүргізуші қызметтік міндетін орындамақ болған полицейдің басынан таспен ұрды, деп хабарлайды Лада.кз сайты.
Оқиға 15 қараша күні сағат 21-30-дар шамасында болған. Ақтау-Шетпе-Бейнеу трассасының бойымен келе жатқан «Toyota Camry» жүргізушісі көлікке ие бола алмай, оны аударып алған. Осы уақытта күндізгі кезекшілігін өтеп жүрген полиция лейтенанты жол-көлік оқиғасын көрген соң, зардап шеккендерге көмектеспек болған.
«Құқық қорғау органының қызметкеріне ешқандай себепсіз жол апатына түскен көліктің жүргізушісі тап беріп, оны басынан таспен ұрған. Полицей Шетпе ауданының орталық ауруханасына қаралуға мәжбүр болды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі де ақ халаттылардың көмегіне жүгінді. Жол апатының салдарынан ол жабық бассүйек жарақатын алды. Сондай-ақ оның миы шайқалып, кеуде клеткаларына зақым келген», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция қызметкері мен жол апатына түскен жүргізуші медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижесі бойынша жүргізуші алкогольдік ішімдік пен каннабинойд препараттарын қабылдағандығы анықталды.
«Оқиға сотқа дейінгі тергеу реестріне ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабы, 1-бөлігі негізінде тіркелді. Заң бұзған жүргізушіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды», – делінген Полиция департаментінің ақпаратында.