Алматы облысында бір тәулікте 5 көлік ұрланған
Полиция қызметкерлері ұрланған бес көліктің төртеуін іздеп таба алған
Құқық қорғау қызметкерлері бір тәулікте ұрланған автокөліктердің төртеуін таба алды. Олардың үшеуін айдап әкеткендер алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автокөліктер Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Көксу және Қаратал аудандарынан ұрланған. Полиция қызметкерлері ұрланған бес көліктің төртеуін іздеп таба алған.
«Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарындағы ұрланған көліктер оқиғасы өте ұқсас және екі көлік те көлік иелерінің кінәсінен болған. Өйткені, олар көліктерін (BMW және Mercedes) кілтімен оталдырып қойған қалпы, есіктерін ашық қалдырып кеткен. Екі жағдайда да автоұрылар мас күйде болған және көп ұзамай қолға түскен. Айта кетерлігі, Жамбыл ауданындағы BMW көлігін айдап әкеткен күдікті сол көлікпен апатқа ұшыраған, дегенмен ешкім жапа шекпеген екен», – деп атап өтті Алматы облыстық ПД өкілі.
Қаратал ауданынан Mercedes көлігін айдап әкеткен күдікті ТЖО механигі болып шықты, ол Үштөбе қаласында қолға түсті. Ол бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін көлік жүргізу құқығынан айрылған екен.
Сондай-ақ, Көксу ауданынан да бір тәулік ішінде екі автокөліктің ұрланғаны анықталды. Полицияның күш салуымен LADA Largus көлігі иесіне қайтарылған. Ал екінші ұрланған көлік іздестіріліп жатыр. Полиция екі көлікті де ұрлаған бір адам екенін және ол күдіктінің кім екенін анықтап үлгерді.
Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысы полициясының күш салуымен, ұрланған автокөліктер санатына кірген 162 көлік табылып, иелеріне қайтарылған.