Алаяқтар Kaspi электронды чектерін қолдан жасай бастады
Олар төлем құжатының көшірмесін графикалық редакторлау арқылы жасайды
Желіде Қазақстанда электрондық банктік чектерді қолдан жасайтын алаяқтар туралы ақпарат шықты. Олар төлем құжатының көшірмесін графикалық редакторларда жасайды, ал іс жүзінде ешқандай аудармаларды жүзеге асырмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy stopfake.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Алаяқтықтың жаңа схемасын бір әйел Instagram-дағы танымал пабликтердің бірінде сипаттаған. Оның айтуынша, қаскүнемдер оны 34 000 теңге аударғаны туралы жалған чек көрсетіп, алдап кеткен.
Kaspi.kz электронды чектер пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін жасалғанын және сканерленген немесе суретке түсірілген чектерге сену қауіпті екенін хабарлады.
«Ақшаның түскенін тікелей Kaspi.kz мобильді қосымшасында тексеру қажет, ол үшін онда екі онлайн сервис жасалған. Біріншіден, қаражат қозғалысы бойынша әрбір операция (сатып алу, алу, толықтыру немесе аудару) бойынша «Хабарламалар» сервисі арқылы хабарлама келеді. Екіншіден, барлық операциялардың тарихын Kaspi Gold жазбасының «Менің Банкім» бөлімінен көруге болады. Кез келген қаражатты қайтармас бұрын, деректерді тексеріп, операция жасалғанына көз жеткізу керек», – деді Kaspi.kz баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Kaspi.kz өкілдері жеке кәсіпкерлерге тауарлар немесе қызметтер үшін қауіпсіз төлемдер жасауға мүмкіндік беретін Kaspi Pay қосымшасын жүктеуге кеңес береді.