Павлодарда мас анасын іздеп шығып, жоғалып кеткен балалар табылды

2 және 7 жастағы екі бүлдіршін қатты тоңып, ашығып қалған

Кеше түнде Павлодар қаласының полициясына жоғалған балалар туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«Қоңырау шалған әйел 2 және 7 жастағы жиендерінің күндіз көшеге шығып кеткенін, бірақ әлі оралмағанын хабарлады. Балаларды өзі іздеп көргенімен, одан еш нәтиже болмаған. Жоғалған балаларды іздеуге барлық гарнизон жұмылдырылып, аумақтық бөлімшелер мен бекеттерге бағдар берілді. Біраз уақыттан кейін патрульдік полиция батальонының инспекторлары балаларды тапты. Бірінші кезекте бүлдіршіндер ашығып, қатты тоңып қалғанын айтқан», - дейді ювеналды полицияның аға инспекторы, майор Руслан Сүлейменов.

Полиция балаларды тамақтандырып, тыныштандырған соң әңгіме барысында олардың анасының күндіз мас күйде үйден шығып кеткені анықталды. Екі қыз бала үйде жалғыз қалған. Біраздан соң олар анасын өздері іздеп табу үшін көшеге шыққан. Есік құлыпталмаған.

Полиция қызметкерлері балаларын қараусыз қалдырған әйелді қаланың екінші бөлігінен достарымен алкоголь ішіп отырған жерінен тапқан.  

«Аталған әйел адам профилактикалық бақылауға алынған. Қазіргі уақытта үлкен қызы кәмелетке толмағандарға арналған орталыққа орналастырылды, ал кіші қызы балалар үйіне берілді. Әйел адамға қатысты материал кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға өткізіледі», - дейді Руслан Сүлейменов.

Айта кетерлігі, әйел бұған дейін де балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бірақ ол жағдайдан еш сабақ алмаған екен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.