Ақтөбе облысында мұғалімді мұғалім пышақтап өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ұстаздың артында үш баласы қалды

© Sputnik

Ақтөбе облысында ұстаздар өзара жанжалдасып, соның салдарынан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көз жұмды. Тарих пәнінің ұстазы қамалды. Қанды оқиға Темір ауданы Шұбарқұдық елдімекенінде болған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Ұстаздар түскі үзілісте әріптестерінің үйіне барған. Алайда көп ұзамай, арада не болғаны белгісіз, олар өзара жандалдасып қалыпты. Облыстық білім басқармасының дерегінше, тарих пәнінің мұғалімі дене шынықтырудан беретін әріптесінің кеуде тұсынан пышақ жарақатын салған. 40 жастағы ұстаз сол жерде тілге келместен көз жұмыпты.     

«Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы Жансен Кереев атындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімінің ауласында екі мұғалім, яғни сол мектептің дене шынықтыру және тарих пәнінің мұғалімдері кездескен. Сол жерде өзара келіспеушілік туындаған. Келіспеушілік салдарынан дене жарақатын алған. Түскі мезгілде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Елтезеров қайтыс болды», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА.

Тарих пәнінің мұғалімі бірден қамауға алынған. Ал әріптестердің жанжалына не себеп болғаны полицияға да әзірге белгісіз. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

«ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бабымен «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге ақпарат жария етілмейді», - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ.

Қаза тапқан мұғалім де, оны жарақаттаған әріптесі де 10 жылдан бері ұстаздық етіп келген. Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ұстаздың артында үш баласы қалды. Полиция күдіктінің кінәсі дәлелденсе, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.

Еске сала кетсек, бір ай бұрын осы Темір ауданының Кеңқияқ елдімекенінде үш мектептің жоғарғы сыныбындағы қыздардың арасында төбелес болған еді. Олардың бірі 8-сынып оқушысын шашынан сүйреп, аямай сабаған болатын.