Тегін 3 рет өзгерткен, 12 рет қылмыстық жауапқа тартылған алаяқ әйел ұсталды
Күдіктінің еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды
Алматы облысының полицейлері алты бірдей алаяқтық фактісіне қатысы бар әйелді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасына соңғы аптада азық-түлік дүкендерінде істейтін алты сатушы шағымданған. Полицияға жүгінгендердің айтуынша, бейтаныс әйел өзін дүкен иесінің туысы ретінде таныстырып, сенімге кіріп, сол арқылы темекіні блогымен ұрлап, оны басқа адамдарға қайта сатқан.
«Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті ретінде Талғар қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның тегін үш рет өзгертіп, алаяқтық әрекеті үшін 13 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, сонымен қатар еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды», - делінген хабарламада.
Күдікті әйел аталған алты дерек бойынша жасаған алаяқтық әрекетін мойындаған. Қазір полиция өкілдері оның осыған ұқсас басқа да істерге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3, 4-тармақтары (алаяқтық) ойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.