ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

Нұр-Сұлтан тұрғыны бұрынғы әйелін көлігінің капотымен сүйреп, өшін алған

Көшеде өтіп бара жатқан жүргізушілер көлік иесін тоқтатуға тырысқан

Нұр-Сұлтан қаласында KIA Cerato жүргізушісі бұрынғы әйелін көлігінің капотында сүйреген, деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға түнде Гете көшесіндегі вокзал маңында болған. Бұрынғы ерлі-зайыптылар автокөлік салонында сөйлесіп отырып, жанжалдасып қалған. Әйелдің айтуынша, ол көліктен шыққан кезде салонда құжаттарын ұмытып кеткенін есіне түсіріп, есікті қайта ашпақ болады. Бірақ күйеуі есікті ашпай, жүріп кеткен. Сол сәтте әйел көліктің капотына секіріп шыққан. Алайда жүргізуші соған қарамастан, жылдамдықты арттырып, жүруін тоқтатпаған.

«Көшеде өтіп бара жатқан жүргізушілер автокөлік капотындағы әйелді көріп, көлік иесін тоқтатуға тырысқан, бірақ ол, керісінше, жылдамдықты арттырған қалпы, өзге көліктерді басып озбақ болған. Бірақ оқиға куәгерлері көліктің жолын бөгеп, жүргізбей қойған. Полиция қызметкерлері де бейнебақылау камералары арқылы жүргізушінің оғаш әрекетін байқап, дереу оқиға орнына экипаж жіберді», - делінген хабарламада.

Полицейлер тәртіп бұзған жүргізуші мен әйелді полиция басқармасына жеткізді. Бұрынғы ерлі-зайыптылар мәселені өзара шешкен соң, жөндерімен тарқасқан. Әйел зардап шекпеген. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша KIA Serato көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің басшылығы дұрыс әрекет ету арқылы жол бойындағы қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектескен қайырымды жүргізушілерге алғыс білдіреді.