ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 44 қазақстандық қайтыс болды

Павлодар облысында жылқысы жол апатына себепкер болған тұрғын 2 млн теңге төледі

Егер жол-көлік оқиғасына мал себепкер болса, шығынды мал иесі төлейді

Соңғы уақытта өңірде қараусыз қалған малдың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиілеген, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«Егер жол-көлік оқиғасына мал себепкер болса, шығынды мал иесі төлейді. Мысалы, 2019 жылдың қаңтар айында Ленин кенті – Курчатов қаласының автожолында «Ауди-100» маркалы автокөлігі қараусыз жүрген жылқымен соқтығысқан. ҚР ӘҚБтК 61-бабының 2-бөлігін (жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамауы) бұзғаны үшін мал иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар, жылқының иесі зақымдалған көліктің жүргізушісіне жылқы келтірген 800 572 теңге көлемінде зиянды төледі», - деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полковник Дулат Төкенов.

Заңнамаға сәйкес, автомобиль және темір жолдардың бөлінген белдеулерінде ауыл шаруашылығы малдарын жаюға тыйым салынады. Мал жаю осы жануарлардың иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың бақылауымен арнайы бөлінген жерлерде жүргізілуі керек.  

«2020 жылдың 9 айында ғана республикалық маңызы бар автожолдарда үй жануарларымен (ірі қара мал, ұсақ мал және жылқы) соқтығысу нәтижесінде қауіпсіздікті бұзудың 47 фактісі тіркелді. Иесіз малды айып тұрағына қамаудан өзге, сол мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБК 408, 610 және 615-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Енді бір жағдайда жылқысы жол апатына себеп болған мал иесі «Тойота-Королла» автомашинасының жүргізушісіне 2 млн теңге көлемінде шығын төлеген», - деді Дулат Төкенов.