Қарағанды қаласында базар өртенді
Зардап шеккендер жоқ
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, 21 қазан сағат 00:07-де Қарағанды қаласындағы «Арай» базарында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта барды. Келген сәтте базар аумағында контейнерлер жанып жатқаны анықталды. Объектінің электр тогынан ажыратылмағаны, сондай-ақ жақын тұрған басқа контейнерлерге от тию қаупі болуымен өртті сөндіру қиындай түскен. Өрт сөндірушілер жапсарлас орналасқан контейнерлерді ашып, ондағы материалдық құндылықтарды сыртқа шығарды», - дейді ол.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 50 адамы мен 11 техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 01:23-те сөндірілді. Өрт жалпы ауданы 200 шаршы метрді құрайтын 14 сауда контейнерінде болды. Өрт шыққан контейнерлердің бірінен үлкен сомада ақша табылып, иесіне қайтарылған. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр.