«Жедел жәрдемнен ұрлап, ұрып-соққан». «Не молчи» тағы бір зорлау фактісін жариялады
Оқиға Павлодар қаласында болған
11 қазан күні дүкенге шыққан Павлодар тұрғынын бұған дейін оны қорқытып жүрген ер адам ұрлап кетіп, ұрып-соққан және зорлаған. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Жина Таңсәрі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Полиция бұған дейін ер адамның әрекетін отбасылық-тұрмыстық кикілжің деп санап, оны босатқан. 12 қазан күні әйел одан қашып шығып, жедел жәрдем шақырған, бірақ ер адам аурухана алдында оны жедел жәрдемнен ұрлап кеткен. Бұл оқиға сол жердегі қызметкерлердің көзінше болған. Ол жедел жәрдем көліктерінің бәрінің есігін ашып, әйелді іздеген», - деп жазды Дина Таңсәрі Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, 12 қазанда полиция әйелдің анасына хабарласып, қызын жедел жәрдемнен ұрлап кеткенін хабарлаған. Ал ер адам әйелді жалдамалы пәтерге апарып, түні бойы ұрып-соққан және зорлаған. Пәтер иесі олардың іздестіріліп жатқанын айтып, шығарып жібергенімен, ол тағы бір пәтер жалдаған. Сол жерде әйелдің айғайын естіген көршілері полиция шақырған. Әйелді жедел жәрдем, ал ер адамды полиция алып кеткен. Дегенмен, ол үш сағаттан соң босап шыққан. Дина Таңсәрі Ішкі істер министрлігін оқиғаға назар аударуға шақырды.