Петропавл көшесінде «автомат» ұстаған жасөспірімдер ұсталды
Тәртіп сақшылары қарудың ойыншық екенін анықтады
Петропавл көшелерінің бірінде қолына «автомат» алып жүрген жасөспірімдер ұсталды. Оның қаруды жанындағыларға кезеніп тұрғаны көшедегі бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі, СҚО Полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары қарудың ойыншық екенін анықтады. Мамандардың атуынша, оның шынайы автоматқа ұқсайтыны соншалық, камера арқылы ажырату мүмкін болмаған.
Петропавлдың орталығында ойыншық автоматпен серуендеп жүрген қала тұрғындары қалалық полицияның Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің назарына іліккен. Ойыншық жақын маңда өтіп бара жатқан адамдардың да үрейін тудырған. Жас жігіттер тобы адам аяғы көп жүретін Қазақстан Конституциясы – Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы бақылау камерасына түскен. Аталған ауданға жедел жеткен Петропавл қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізді. Олар кәмелетке толмағандарға сағат 23-тен кейін көшеде ата-аналарының және басқа да өкілдерінің еріп-жүруінсіз жүруге болмайтыны туралы естеріне салды. Сондай-ақ, карантиндік шараларды сақтау қажеттігі туралы ескертті.
«Жедел басқару орталығының бейне бақылау камералары құқықтық тәртіпті нығайтуға зор үлес қосуда. Олар жол, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінде барынша осал деген учаскелерде орналастырылған. Тәжірибеде түрлі оқиғалар кездеседі, оларды оқиға орнына экипаждарды жіберумен тексеруге тура келеді. Біз қауіпсіздікке күмән келтіретін кез-келген фактілерді тексеруіміз керек. Сақтықта қорлық жоқ», - деп атап өтті Петропавл қалалық Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі Нұрлан Мұхамеджанов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО