БҚО-да полицейлер ақбөкен мүйіздерінің ірі партиясын тәркіледі
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды
БҚО тұрғыны 632 дана ақбөкен мүйізімен қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында БҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің Зашаған кентінде 31 жастағы ер адамның басқаруымен «Nissan Maxima» маркалы автокөлігін ұстағанын, оның артқы орындығындағы көліктің салонынан 632 дана кесілген ақбөкен мүйіздері табылғанын және тәркіленгенін хабарлады.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 339-1-бабы (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Анықталғандай, ұсталған азамат 2019 жылы ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі (заңсыз аң аулау) бойынша жауапқа тартылған.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат УҰИ-ға орналастырылды, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.