Жылыту маусымында адам өліміне жол бермес үшін ТЖМ қандай шара қолданып жатыр?
Дайындығы төмен, әлеуметтік осал топтағы 118 мың үй тіркеуге алынды
Табиғи газдан немесе оның түтінінен уланудың алдын алу үшін әлеуметтік осал топтағы үйлерге республика бойынша 11 мың датчик орнатылды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жылыту маусымында кісі өліміне әкелетін жағдайға жол бермес үшін атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
«Тұрғын үй секторы бойынша жылыту маусымына дайындықты жергілікті атқарушы билікпен, Ішкі істер министрлігінің бөлімшелерімен бастадық. Біз әлеуметтік осал топтар мекендейтін 118 мың үйді тіркеуге алдық. 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін алғашқы рейд жүргізілді. Электр жабдықтары, пеш құралдарын қолдануда ереже бұзған жағдайлар анықталды. 20 қыркүйектен бастап екінші рет рейд жүргізуді бастадық. Бұған дейін анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді министр.
Министрдің айтуынша, 118 мың үйді мекендейтін тұрғындардың 30 мыңнан астамы өз тарапынан пеш, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану үшін түзету жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ.
«Жергілікті әлеуметтік қамқорлық органдары, учаскелік полиция жеке секторларда трагедияның – өрттің шығуы мен улану жағдайларының алдын алу үшін жұмылдырылды», - деді министр.
Былтырдан бері 90 мың түтін және басқа да табиғи улы газдың таралуын анықтайтын датчиктер орнатылды. Осы датчиктердің дер кезінде хабар беруі нәтижесінде былтыр 18 оқиғаның алдын алып, 80-нен астам адам құтқарылған. Биыл әлеуметтік осал топтағы үйлерге 11 мың датчик орнатылды.
«Тұрғындар қарапайым ережелерді есте ұстағаны жөн. Жеке үйлерде пеш түтіні құбырларын кемінде 3 айда 1 рет тазалап отырған жөн. Киімді пештің алдында кептіру кезінде кем дегенде жарты метр арақашықтық сақтаған дұрыс. Тез жанатын сұйықтықты пайдаланғанда абай болған жөн», - деді министр.
Сондай ақ Төтенше жағдайлар министрі тұрғындарға үндеу жасады.
«Жылыту маусымы барлық өңірде басталды. Ең әуелі, ел тұрғындарын өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Балаларды қараусыз қалдыру, пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудың соңы қасіретпен аяқталатынын елде болған оқиғалар көрсетті. Көлік жүргізушілерден де қысқы маусымда қар көп жауып, ауа райы бұзылған кезде өзінің, жақындарының өмірі үшін тәуекелге бармауын сұраймын», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы жер үйлердің бірінен өрт шығып, бір үйдің 5 баласы бірдей көз жұмды. Сарыарқа ауданындағы жер үйдің аумағында орналасқан «времянка» өртке оранып, салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес бала қаза тапты. Барлығы – қыздар.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан