Түркістан облысында мектеп оқушылары газдан уланды
Төле би ауданындағы 10 сынып оқушысы мектеп ішінде газ шашып, салдарынан бірнеше бала уланды. Олар Ленгер қалалық ауруханасына жеткізілді, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұстаздардың айтуынша, оқиға үшінші сабақтан кейінгі үзілісте болған. Қыз бала газ балонды мектеп фоесінде тұрып шаша бастаған. Ақыры білім ошағында таңғы ауысымдағы оқушылардың сабағы тоқтатылып, барлығы үйлеріне қайтарылған.
«10 сынып оқушысы үйінен сабаққа келе жатып, көшеден дезодорантқа ұқсас затты тауып алған. Соны дезодорант екен деп ойлап, өзінің үстіне және қасындағы бір қызға сеуіп көрген. Қазір ауруханадағы балалардың жағдайы бірқалыпты. Хабарласып біліп отырмыз», - дейді мектеп директоры Жамбыл Орынбаев.
Газдың иісінен тек оқушылар емес, ұстаздар да уланып ауруханаға жеткізілген. Жалпы зардап шеккендердің саны шамамен онға жуықтайды. Оқиға орнына аудан әкімі аппаратының басшысы мен аудандық білім бөлімінің басшысы келіпті. Алғашқысы төтенше жағдайдан бейхабармын деп, сұхбат беруден бас тартқан. Ауданның бас педагогы болса сабақты сенбі күнге ауыстыру жайлы бұйрық шығаратынын мәлімдеді.
Полиция мен дәрігерлер әзірге қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып отыр.
Арай Есенбек, Шымкент