Ақтөбеде көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші жол апатына ұшырады
Ол рөлді игере алмай, көлігімен жолдың сол жағына аударылып кеткен
Ақтөбе облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші апатқа ұшырады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«5 қазан күні Самара – Шымкент тасжолының 965 шақырымындағы Қарабұтақ кентінің маңында «Лада-21703» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі қозғалысқа кедергі мен қауіп туындаған кезде көлік құралының жылдамдығын азайту бойынша шаралар қабылдамай, рөлді игере алмастан, көлігімен жолдың сол жағына аударылып кеткен», - делінген ПД хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші Әйтекеби ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралдарын басқару құқығы жоқ екені анықталды және оған биылғы жылдың тамыз айында ҚР ӘҚБК-нің 612-бабының 2-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш түріндегі айыппұл салынған. Қазіргі таңда аталған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.