Әскери бөлімнен қару ұрлаған 8 адамға сот үкімі шықты
Сотталушылар бір түнде 29 автомат, 400-ден аса оқ-дәрі мен 16 тапанша ұрлаған
Түркістан облысындағы әскери бөлімнен қару ұрлағандарға үкім шықты. Сот басты айыпталушы – кіші сержанқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді. Одан бөлек, 7 адамға жаза кесті.
40 томнан тұратын атышулы қылмыстық істі, әскери сот небәрі 2 ай ішінде қарап, нүктесін қойды. Бір түнде 29 автомат, 400-ден аса оқ-дәрі мен 16 Макаров тапаншасын ұрлағандарға жаза әртүрлі тағайындалды.
Басты фигурант – кіші сержант Абылай Балғынбай 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Қалғандары ұрланған қару-жарақты сатуда сыбайлас болған деді. Олардың екеуі 8 жылдан жаза арқаласа, тағы бірі 5 жыл, үшеуі үш жылдан темір торға қамалмақ. Ал сегізіншісі, яғни Санжар Бекжан сотта ақталып шықты. Екінші курс студенті 1 млн 400 мың теңге шамасында айыппұл төлейді.
«Айып бойынша толық сот ақтап отыр. Ол жағынан біз толық ризамыз. Енді үйіндегі табылған травматикалық тапанша бойынша айыпталып отыр. Оны енді үкімді алғаннан кейін көреміз, басқа айып бойынша осында әскери бөліміне қатысы бар деген жерде сот толық оны ақтап отыр», - деді Б.Санжардың адвокаты Сейітқасым Тәнкеев.
Еске салсақ, атышулы іс биыл ақпанда 10/216 әскери бөлімінде болған еді. Кіші сержант Абылай Балғынбай тәуліктік кезекшілікте, қызмет орнын тастап, бірнеше қару-жарақты арқалай қашқан деген күдікке ілікті. Сотта оған ауылдастарының жәрдемші болғаны айтылды.
«Оларды түнгі сағат 02:20 шамасында әскери бөлімге кіргізіп, тәуліктік кезекшілікке түскен басқа әскери қызметшілердің түнгі постын тастап, ұйықтап қалғанын пайдалана отырып, 29 АК-74 автоматын, 400-ден аса оқ-дәрі, 16 Макаров тапаншасын алып шығады. Қаруды Қамбардың басқаруындағы «Мазда» автокөлігіне салып, оқиға болған жерден бой тасалаған», - деді Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Жәмиля Төленова.
Сотта Балғынбайдың бұдан бұрын да 12 тапанша ұрлағаны дәлелденіпті. Оларды 2 млн теңгеден астам ақшаға сатқаны айтылды. Ұрланған қару-жарақ түгелдей әскери бөлімге қайтарылды деді судья Жамиля Төленова.
Айта кетсек, сотталған басты фигурант Абылай Балғынбайдың өзі үкіммен келіспейтінін айтып қалды. Ол бұған дейін, қаруларды командирінің бұйрығымен ұрладым дегенді айтқан еді.
Үкім 15 тәуліктен соң күшіне енеді. Сотталғандардың барлығы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.