Павлодар облысында тоғыз айда мал ұрлығының 56 дерегі тіркелген
Ұрлықтың басты себебі – еркін жайылымда жүрген малдың қадағалаусыз қалуы
Павлодар облысында кезекті рет ұрланған мал өз иесіне қайтарылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде кең таралған қылмыс түрлерінің бірі – мал ұрлығы. Мал ұрлығының басты себебі – еркін жайылымда жүрген малдың қадағалаусыз қалуы.
Мәселен, биылғы жылдың 1 қазанында Май ауданының ПБ полициясына ауданның 52 жастағы тұрғыны жайылымдық жерден бес бас ұсақ малының ұрланғаны туралы арызданған. Жиналған материалдар полиция қызметкерлеріне бұл қылмысты «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік берді. Көрші ауылда тұратын 29 жастағы ер адамның үйінен табылған мал иесіне аман-есен қайтарылды.
Сонымен қатар, полиция тұрғындарға малды бақылап жүруді күшейту қажеттігі туралы ескертеді.
«Әр мал басын таңбалау керек. Түнде сарайлар мен үй-жайды мықтап жапқан дұрыс. Малды жайылымға шығарған кезде оны қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе автожолдар жанында жайылып жүрген ірі қара мал немесе жылқылар көбінесе жол апаттарының себепшісі болып жатады», - дейді полицейлер.
Айта кетейік, 2020 жылдың тоғыз айында Павлодар облысының аумағында мал ұрлығының 56 фактісі тіркелді. Мал ұрлығы фактілерін анықтау бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жалғасуда.