Түркістан облысында мас ер адам кішкентай баланы соққыға жыққан
Оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгілі болған
Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны күйеуінің спирттік ішімдік ішіп, мас болып келген сайын өзін және кішкентай балаларын аяусыз ұрып, соққыға жығатынын айтып көмек сұраған. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ер адамның кішкентай баланы қатты ұрып-соғып жатқан видеосын көреді.
Тексеру барысында полицейлер оқиғаның Қазығұрт ауданында болғанын анықтайды.
«Аталмыш факт Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінда ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша тіркелді. Кінәлі азамат заң бойынша жауапқа тартылады», - деді полиция өкілдері.
Бұдан өзге, учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қазіргі уақытта аталмыш факт бойынша оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.