$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.09.2020, 15:34
Оқиғалар

Алматыда аурухана салып жатқан құрылысшылар наразылық білдірді

Олар екі айдан бері жалақысын алмаған

Алматыда аурухана салып жатқан құрылысшылар наразылық білдірді
фотолардың авторы: Марат Қалдыбаев

Қаладағы ең ірі ауруханалардың бірінде науқастарды қабылдау бөлімін салып жатқан құрылыс компаниясы мердігермен қаражатты бөлісе алмай отыр. «Қалқаман» ықшамауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухана аумағында ауыр науқастарды қабылдайтын бөлімшенің құрылысы биыл 17 шілдеде басталған. Екі айдан бері жұмыс істеп жатқан «Крафин Строй» ЖШС өкілдері бас мердігердің қаражат бермей отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жеке компания құрылыстың алғашқы сатысына 53 млн теңге қаражат алуы тиіс болған. Жұмысты өз қаражатына бастап кеткен кәсіпорын екі айдан бері 30-ға жуық еңбеккерге жалақы төлей алмай отырғанын айтады. Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының тапсырысымен салынып жатқан құрылыстың бас мердігері – Urban Concept Construction компаниясы.

«Біз осы жаңа құрылыстың орнында болған ескі ғимаратты бұздық, аумақты қоршадық, жерді қайта өңдеп, монолит жұмыстарын бастап кеттік. Екі ай - бізге берілген тиісті мерзім болатын. Осы уақыт аралығында 11 млн теңгеге тиісті жұмыс атқардық. Өткізу-қабылдау актісін жасап, бас мердігерге берді. Алайда қалған тиісті қаражатты бермей отыр. Пандемия уақытында жұмысшылардың жалақысын төлей алмай отырмыз. Бізге Urban Concept Construction компаниясы ұғынықты жауап бермейді. Шілде, тамыз айына есеп берді, бірақ «қаражат жоқ» деген жауап келді. Ал бүгін құрылыс аумағына мүлдем кіргізбей қойды»,- дейді «Крафин Строй» ЖШС директоры Петр Артемьев.

Аурухананың құрылысына жүргізіп жатқан компания жұмысшысы Серік Ережепов жалақы алмағандықтан отбасының қиын жағдайда қалғанын айтады. Ол шілде айында аванс ретінде 50 мың теңге алған. Содан бері атқарылған жұмысына еңбекақы күтіп жүргенін айтады. 

«Екі айдан бері жалақы алған жоқпын. Мен мұнда участок жетекшісімін, қарамағымды инженерлер, геодезия мамандары, түрлі құрылыс шеберлері бар. Қазір 30-дай адаммен келісім-шарт жасалған. Олар қазір құрылыс нысанында, камераға сөйлеуге қорқады. 150 мың мен 350 мың теңге көлемінде жалақы алуымыз керек еді. Жұмыс басталғанда шілде айында аздаған аванс берді. Кейде демалыс күндері жұмысқа шақырады», - дейді құрылысшы.

Коронавирус кезеңінде нысан құрылысына салғырттық танытып отырған компания басшысы мәселенің осы аптада шешілетінін айтады. Urban Concept Construction компаниясының директоры Нұрхан Алтаев тапсырыс беруші қаржыны кешіктіріп отырғанын айтады. Ал Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының өкілдері аурухана құрылысы тоқтамайтынын, тиісті қаражат берілетінін айтты.

«Иә, біз екі айдан бері қаражатты төлеген жоқпыз. Себебі, атқарылған жұмыстың актісіне қол қойылмай келгені рас. Құжатқа өткен апта қол қойылды. Осы апта қаражат түседі деп күтіп отырмыз. Оның өз тәртібі бар. Қалалық әкімдік бас мердігерге қаражат аударуы тиіс, сосын біз жұмысшыларға береміз. Техникалық жағдайларға байланысты кешігіп жатыр»,- дейді Urban Concept Construction компаниясының директоры Нұрхан Алтаев.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары