Жекпе-жекке бір күн қалғанда Қуат Хамитовтың қарсыласы ауысып кетті
Қуат Хамитовтың турнирдегі қарсыласы – ресейлік Ахмад-Хан Боков

Жақында қазақстандық файтер Қуат Хамитов (18-7-1) жекпе-жек өткізу үшін Мәскеу қаласына барды. 25 қыркүйекте Fight Nights Global 98 турниріндегі қазақстандық спортшының қарсыласы – ресейлік Олег Косинов (7-5) болуы тиіс еді. Алайда, жекпе-жекке бір күн уақыт қалғанда Қуат Хамитовтың қарсыласы ауысып кетті. Енді, қазақстандық файтердің турнирдегі қарсыласы - ресейлік Ахмад-Хан Боков.
Соңғы рет Қуат Хамитов октагонға (2019 жылдың 25 сәуірінде) Мәскеуде өткен Fight Nights Global 93 турнирінде шыққан еді. Ол кездесуде қазақстандық файтер төрешілердің шешімімен әзірбайжандық Нариман Аббасовтан (24-3) жеңілді.
Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте Қуат Хамитов зорлық-зомбылыққа шақырған видеосы үшін полицияға жеткізілді. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз танымал спортшы Қуат Хамитовтың әлеуметтік желіде жарияланған үндеуіне қатысты пікір білдіріп, оның әрекетін «қылмыстық іс» деп бағалады.
15 қыркүйекте Алматы полициясы ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтан жауап алған соң, оны үйіне жіберді.