Құс тұмауы: Павлодар облысында ауылдардың бірінде карантин жарияланды
Жаңақұрылыс ауылында құс тұмауынан 158 бас үй құсы өлген
23 қыркүйектен бастап Тереңкөл ауданы Жаңақұрылыс ауылдық округінің құрамына кіретін Трофимовка ауылының аумағында карантин енгізілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Мұндай шешімді ауыл әкімі ауданның бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторының ұсынысы негізінде қабылдады. Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Мақашевтың айтуынша, құс тұмауынан 158 бас үй құсы өлген.
«Қазір республикалық эпидемиологияға қарсы топтың мамандары Трофимовкада бар 1800 бас құстың бәрін жоюда. Барлық қажетті карантиндік шаралар қабылданды. Ауыл тұрғындарына олардың қажеттілігі, құс тұмауына шалдығу қаупі түсіндірілді», - деді Нұрболат Мақашев.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, соңғы 3 күнде ауылда бірде-бір құс өлімі тіркелмеген. Ауданда барлығы 18 800 бас үй құсына вакцина егілді.
Екінші ауыл – Железин ауданындағы Ақтауға келетін болсақ, мұнда карантин енгізу туралы шешім облыстық әділет органында тіркелу үстінде.