СҚО-да дүлей дауыл мектеп шатырын жұлып әкетті
Зардап шеккендер жоқ, балалар білімін жалғастырады

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Сергеев қаласындағы қазақ орта мектебі ғимаратының бір бөлігі шатырсыз қалды. Қатты соққан дауыл төбе жабуын ұшырып әкеткен. Одан кейін жауған нөсер жаңбырдан ғимараттың зақым келген бөлігі суға толып, сабақ оқуға жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, табиғаттың тосын мінезінен жапа шеккендер жоқ. Қазір шығын көлемі анықталуда.
«Жөндеу жұмыстары осы аптада басталуы тиіс. Жоспар бойынша 10 күнде аяқталмақ. 1-4 сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқып жүр. Бұл жағдай бастауыш буындағы оқушылардың білім алу процесіне кедергі келтірген жоқ. Олардың кабинеттері мектептің қосымша блогында орналасқан. 5-11 сыныптар қашықтан білім алуда. Оқу процесіне кедергі жоқ», - деді Шал ақын аудандық білім бөлімінің жетекшісі Қайрат Жанғожинов.
Мектептегі кезекші топтарда бүгінде 90 бала білім алып жүр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО