$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.09.2020, 14:31
Оқиғалар

Түркістан облысында 17 адамды бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Олар жәбірленушілерге өздерін блогер, журналист және заңгер ретінде таныстырып отырған
 

Түркістан облысында 17 адамды бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысында өздерін блогер деп таныстырып, тұрғындар мен кәсіпкерлерді бопсалап келген қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрбандарының саны– 17 адам.

«Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов атап өткендей, төрт жергілікті тұрғыннан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ алты ай бойы Жетісай және Мақтаарал аудандарының аумағында заңсыз жұмыс істеген. Олар бопсалау мен алаяқтық арқылы жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың ақшаларын иемденген. Жалпы алғанда, қылмыскерлер жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тіпті, олар өз қызметіне заңдылық беру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрінде жалған қоғамдық ұйым ашқан. Әрқайсына нақты рөлдер берілген. Сонымен қатар жалған куәліктер мен есімхаттар жасаған. Олар жәбірленушілерге өздерін блогерлер, журналистер және заңгерлер ретінде таныстырып отырған. Қылмыскерлер барлық әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, олардан ақша талап еткен», - делінген хабарламада.

Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен бірегейлігін ескере отырып, қылмысты ашуға және тергеуге облыстық Криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері аудандық полиция қызметкерлеріне көмекке жіберілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті жедел және тергеу іс-шаралары жүргізіліп, жеткілікті дәлелдер жинақталды және қылмыскерлер ақша алу кезінде ұсталды.

10 ай ішінде осы қылмыстық топтың әр қатысушысының кінәсі толығымен дәлелденді. Сонымен қатар бұл топ ұйымдасқан сипатта бопсалау мен алаяқтықтың 17 жайтына қатысты болып шықты.

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігінде «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», 194-бабында (Қорқытып алушылық) және 190-бабында (Алаяқтық) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 10 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және түрлі алаяқтарға сенім білдірмеуге кеңес береді. Егерде сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Серіктес жаңалықтары