Үйінен атқа мініп шығып кеткен 7 жасар бала қамыс арасында түнеген
Мойынқұм ауданында үйінен атқа мініп шығып кеткен 7 жасар Ерік Рысбай аман-есен табылды. Бала дін аман, денсаулығына төнген қауіп жоқ.
Полиция қызметкерлері мен басқа да іздеушілер оны Көкжелек ауылы жанындағы қамыс арасынан тауып алған. Ол өткен түні сол жерде түнеп шыққан.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов баланы іздестіруге атсалысқандардың бәріне алғыс білдірді.
Еске салайық, 15 қыркүйекте Мойынқұм ауданы Құшаман ауылының тұрғыны - 7 жасар бала жоғалып кеткен болатын. Атқа мінген бала сағат 15:00 шамасында үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Баланы іздестіруге 250 адам тартылды. Оның ішінде полиция, әкімдік, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері мен волонтерлер бар. Қосымша күш ретінде Ұлттық ұланнан 150 адам, Меркі аудандық полиция бөлімінен 30 қызметкер шақырылған.