Жамбыл облысында атқа мінген 7 жасар бала бір күннен бері үйіне оралмады
Жоғалған баланы ісдестіруге АН-2 ұшағы мен ТЖД тікұшағы тартылды

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Құшаман ауылының тұрғыны - 7 жасар бала жоғалды. Атқа мінген бала 15 қыркүйек күні сағат 15:00 шамасында үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған.
Баланы іздестіруге 250 адам тартылды. Оның ішінде полиция, әкімдік, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері мен волонтерлер бар. Қосымша күш ретінде Ұлттық ұланнан 150 адам, Меркі аудандық полиция бөлімінен 30 қызметкер шақырылған.
Жергілікті тұрғындарға сұрау салу барысында анықталғандай, оны соңғы рет Жасұлан ауылы маңынан сағат 18:00 шамасында көрген. Бұл ауыл Құшаман ауылынан 30 шақырым алшақта орналасқан.
Баланы іздестіруге ТЖД тікұшағы мен жергілікті орманшыларға тиесілі АН-2 ұшағы да тартылған.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жоғалған баланы кездестіргендер болса, 8 (7262) 2-49-02, 99-73-39, 8-775-376-66-93 нөміріне, сондай-ақ «102» пультіне хабарласуды сұрайды.
Жоғалған баланың сыртқы сипаты: денемі біті арықтау келген, бойы 120 см, қара шашты. Үстінде сұр жейде (футболка), басында қызыл қалпақ (кепка), қысқа шалбар (шорты) мен қара түсті кроссовка киген.