Алматы облысында жалған ақша жасап өткізген азамат сотталды
Айыпталушы жасаған қылмысы үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды

Алматы облысында 1 млн теңгеден астам сомаға жалған ақша жасап өткізген азамат сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері 1988 жылы туған, ҚР азаматына қатысты жалған купюраларды дайындау, сақтау, тасымалдау және сату бойынша қылмыстық іске тергеу жүргізді.
«Тергеу барысында Алматы қаласының тумасы Алматы облысы аумағында жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын номиналы 5 000 теңге болатын жалған ақша қаражатын өткізгені анықталды», - делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша айыпталушы қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабының 1-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.