Алматыда үйдің шатырында дискотека ұйымдастырғандар ұсталды
Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынды
Алматылық Жанна Полевая есімді тұрғын Алмалы аудандық полиция бөліміне шағымданып, көпқабатты үйдің шатырында әр жұма, сенбі күндері дискотека ұйымдастырылатынын жеткізген. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Есен Ысқақов хабарлап, осы шағым негізінде тәртіп бұзғандарға айыппұл салынғанын айтты.
«Байзақов көшесі, 170 үй мекенжайында орналасқан 9 қабатты үйдің шатырында әр аптаның жұма және сенбі күндері дискотека ұйымдастырылады. Ол жерден шыққан музыка даусы бүкіл ауданды басына көтереді. Сізден осы мәселеге қатысты шара қолдануыңызды сұраймын», - деп шағымданды алматылық әйел.
Алмалы аудандық полиция бөлімінің бастығы алматылық әйелдің шағымына байланысты шара қолданғанын, аталмыш мекенжай бойынша тәртіп бұзушылар Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы (қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе масаң күйде болу) бойынша жауапқа тартылғанын хабарлады. Сондай-ақ шағымданушы – алматылық әйелге азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.