Сайрам мұздығының басында қайтыс болған туристің денесі табылды
Бұған дейін құтқарылған 42 жастағы ер адамның жағдайы қанағаттандырарлық
Төлеби ауданының тауында 3 күнге созылған іздестіру-құтқару операциясы аяқталды, деп хабарлайды Шымкент қаласы ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы.
Құрамында 10 адам бар Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының екі тобы «Сайрам» мұздығының басында қайтыс болған 1981 жылғы азаматшаның денесін іздестіру және шығарып алу жұмыстарын жүргізді. Бұл күрделі операцияға Шымкент қаласының Альпинизм, спорттық туризм және мұз өрмелеу федерациясының 6 альпинисі тартылды.
«25 тамызда сағат 14:50-де құтқарушылар альпинистермен бірге қар еру салдарынан пайда болған мұздық жарықтарынан қайтыс болған әйелдің денесін тапты. Табылған денені шығару қиынға соққан. Себебі, кез-келген уақытта еріген қар басып, жарықшақты толтыруы мүмкін еді. Оның тереңдігі 10 метрден асады, ені 50 см екенін атап өткен жөн. Құтқарушылар арнайы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, денені шығарды. Қайтыс болған азаматшаның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. 25 тамызда құтқарылған – 1978 жылы туған ер адамның жағдайы қанағаттанарлық», - делінген хабарламада.