Дәрігерлер арықтан табылған нәрестенің жағдайы туралы айтып берді
Салмағы 3 кг., бойы 53 см. болатын жаңа туған нәресте балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығына жеткізілді
Бала гипотермия есебінен ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасы 25 тамыз күні сағат 00:38-де жедел жәрдемге Райымбек даңғылы бойында «Maxima» СҮ ауданында қалдырылған жаңа туған нәресте туралы қоңырау түскенін хабарлады. Салмағы үш килограмм және бойы 53 сантиметр болатын жаңа туған нәресте балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығына жеткізілді.
«Қабылдау кезінде баланың жағдайын дәрігерлер гипотермия салдарынан ауыр деп бағалады (дене температурасы 34,5-ке дейін төмендеді), қазір жағдайы орташа ауырлықта, дене температурасы қалыпқа келді. Бала өздігінен тамақтанады. Жаңа туған нәрестені екінші балалар ауруханасына ауыстыруға дайындайды, ол жерден бала толық тексерілгеннен кейін балалар үйіне ауыстырылады»,- делінген хабарламада.
Бұған дейін полиция ер адамның арықтан тастап кеткен жаңа туған баланы тапқанын хабарлаған.