Көкшетауда шаштаразға шыққан жасөспірім қыз сол күйі оралмады
Оны іздестіруге полиция қызметкерлері және туған-туыстарымен қатар, еріктілер де жұмылдырылған
Көкшетау қаласында 13 жастағы Әйгерім Хайдарованы іздестіру шаралары жалғасуда. Осыдан бес күн бұрын шаш бояту мақсатымен шаштаразға кеткен қыз әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері және туған-туыстарымен қатар еріктілер де жұмылдырылған.
«Біздің балалар Краснояр, Садовое, Нұрлыкөш, Чайкино ауылдарын, сондай-ақ саяжай массивтері мен қала іргесіндегі аумақтардың түкпір-түкпірін сүзіп, іздестіріп жатыр. Қызды ешкім көрмеген. Әзірге ешқандай ақпарат жоқ», - дейді «Lider.kz» волонтерлік қозғалысының үйлестірушісі Олеся Баимова.
2007 жылы дүниеге келген, жасы 13-тегі Әйгерім Хайдарова Щучинск қаласының тұрғыны. Ол жазғы демалыс кезінде Көкшетаудағы әпкесінің үйіне қыдырып келіп, 20 тамыздан бері із-түзсіз жоғалып кеткен.
Әйгерім шашының ұшын бояту үшін Красный Яр селосына кеткен. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жасөспірім қыздың ұнатқан түсі (бояуы – авт.) шаштаразда болмай шыққан. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
Кеше Instagram әлеуметтік желісінде Әйгерімге ұқсас қызды Щучинск қаласының дәмханаларының бірінен көргені туралы ақпарат пайда болды. Бірақ ақпарат расталмады. Полиция бейнебақылау камерасындағы жазбаны тексеріп, оның Әйгерім еместігін анықтады.
Жоғалған жасөспірімнің бойы 156-160 сантиметр, жұқалтаң денелі, шашы ұзын әрі қара түсті, көзі қоңыр. Күләпаралы күміс түсті күрте, қара түсті қалың кеудеше, көк түсті джинсы шалбар мен ақ кроссовка киген.
Полиция қандай да бір ақпарат білген адамдар болса, 8 775 085 0315 телефон нөміріне немесе 102 нөміріне хабарласуды, сонымен қатар Краснояр селосы мен Нұрлыкөш кентінде жүрген жүргізушілерден бейнетіркеу камераларының жазбаларын қарауды өтінеді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы