Петропавл орталығын қоқыс алаңына айналдырған тұрғындар жазаланды
Жаңадан салынған «Жас өркен» шағынауданындағы тұрғын үйлердің айналасы қоқыс үйіндісіне айналған
Белгіленбеген жерге қоқыс тастау Петропавл қаласындағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл құбылысқа наразылық білдірген қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қоқыс төгілген жерлердің суреттері мен видеоларын жарыса жариялауда. Әсіресе жаңа алынып жатқан «Жас өркен» шағынауданы заңсыз қоқыс полигонына айналған. Полицейлер бассыздыққа жол берген тұлғаларды жазалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жергілікті полиция қызметкерлері тазалықты сақтау ережелерін бұзғандарды анықтау және алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айдын Ахмағамбетовтың айтуынша, бұрын бұл проблема қаланың шеткі аудандарында жиі кездесетін болған. Алайда соңғы кездері жаңа салынған көпқабатты үйлердің тұрғындары да абаттандыру тәртібін жиі бұзатын болған. Жаңадан салынған «Жас өркен» шағын ауданында пәтерлерін ретке келтіруге асыққан тұрғындар үй айналасына құрылыс қоқыстарын тастап, үйіндіге айналдырған. Учаскелік полиция инспекторы осыған байланысты үш тұрғынды жауапқа тартқан. Біреуі ескерту алып, екеуіне айыппұл салынды.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде облыс орталығында тұрмыс қалдықтарын шығаруға жауапты кәсіпорын қызметкерлері үш рет жауапкершілікке тартылған.
«Абаттандыру ережелерін сақтау туралы сөз қозғағанда, тек қала көшелерінің эстетикасын ғана айтпаймыз. Жабайы үйінділердегі тұрмыстық қалдықтар инфекцияның таралуына негіз болады, бұл жайында, әсіресе, елімізде әлі карантиндік шектеулер болып жатқан кезеңде, естен шығармаған жөн», - дейді Айдын Ақмағамбетов.
Жыл басынан бері Петропавл қалалық ПБ полицейлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 2659 хаттама толтырды. Құқық бұзушылардың көпшілігіне ескерту жасалды, 82 адамға айыппұл салынды.
Облыста 7 айдың ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6516 адам жауапкершілікке тартылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО