СҚО-да алкоголь өнімдерін жасырын саудалағандар анықталды

Жеті айда облыста заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь алынды

СҚО-да алкоголь өнімдерін жасырын саудалағандар анықталды
Фото: polisia.kz

Петропавл полицейлері қала орталығында алкоголь өнімдерін жасырын саудалау фактісін анықтады. Құрамында спирті бар 16,5 литр өнім алынып, сараптамаға жіберілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Полицияға Мұқанов көшесі бойындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату жолға қойылғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Тексеріс барысында аталған ақпарат расталды. Учаскелік полиция инспекторлары материал жинап, 33 шөлмек алкоголь алды. Барлық шөлмектердегі акциздік маркалар стандарт бойынша жапсырылмаған. Алынған алкоголь өнімдері сараптамға жіберілді. Дүкен иесі әкімшілік жауапқа тартылады», - деп жазылған ақпаратта.

Айта кету керек, жеті айда облыс бойынша алкоголь өнімдерін сатуға қойылатын талаптарды бұзудың 88 фактісі, заңсыз сауданың 134 фактісі, сондай-ақ этил спирті айналымының ережелерін бұзудың 8 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь алынды. Сонымен қатар, жыл басынан алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 7172 фактісі анықталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.