Нұр-Сұлтанда есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Төрт килограмнан астам «марихуана» есірткі заты тәркіленді

13 тамызда ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізу барысында Нұр-Сұлтан қаласы ПД криминалдық полициясымен бірлесе отырып, қылмыстық іс-әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Ұсталғандар Қызылорда облысының үш тұрғыны болып шықты.
25-35 жас аралығындағы адамдар кірген топ аса ірі мөлшерде есірткі заттарын тасымалдаумен және өткізумен айналысқан. Қылмыстық топтың есірткі құралдары республиканың оңтүстік өңірлерінен әкелінгені және қолда бар делдалдар арқылы Нұр-Сұлтанда сатылғаны анықталды. Осылайша, олар өсімдік тектес есірткі құралдарын өткізуді ұйымдастырған. Ұсталған кезде аталған топтан төрт килограмнан астам «марихуана» есірткі заты тәркіленді.
«Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (есірткі құралдарын және олардың аналогтарын ірі мөлшерде заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе өткізу). Ұсталған адамдар Нұр-Сұлтан қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- делінген хабарламада.