ШҚО-да көлік тау жолынан шығып кетіп, үш адам зардап шекті (ВИДЕО)
Жүргізуші мен екі жолаушы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді
Шығыс Қазақстан облысында 29 қараша күні таңертең жол апаты болды. Lada Vesta көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы шамамен сағат 07:00-де Өскемен – Таулы Үлбі – Северное автожолының 35-шақырымында тіркелген. Көлік Северное ауылынан облыс орталығына қарай келе жатқан.
Полиция жүргізуші жол және ауа райы жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдамағанын алға тартты. Соның салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегіндегі орға түсіп кеткен.
Үш зардап шеккен адам да медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың жарақаттарының ауырлығы туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиға орнынан өтіп бара жатқан куәгерлер жолдан шығып кеткен көлікті видеоға түсіріп алған. Жарияланған мәліметке сәйкес, апат Глубокое ауданындағы жұрт «Альпіге апаратын жол» деп атайтын учаскеде болған.