Санжар Боқаев он жылға сотталды

Бүгін үш адамға қатысты сот отырысы аяқталды

Санжар Боқаев он жылға сотталды
Фото: instagram.com/sanzhar_bokayev/

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаев пен тағы екі адамға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Алматы соттары хабарлағандай, қылмыстық істе бірнеше эпизод болған. Соның ішіндегі негізгі эпизодтар:

Бірінші эпизод. Қаражат жымқыру және заңдастыру (2018 ж.): «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының бұрынғы кеңесшісі болған Санжар Боқаев кәсіподақ арқылы 86,9 млн теңгеге халықаралық автожарыс өткізуге екі шарт жасасуды ұйымдастырған. Соның ішінде 47,9 млн теңгенің шарты Боқаевтың жиені К. басқаратын «BM Trust» ЖШС-мен жасалып, іс жүзінде ұйымдастыруды «We Can» ЖШС атқарған. Қызмет құнын негізсіз өсіру мен орындалмаған жұмыстар арқылы 42,2 млн теңге жымқырылған; қаражаттың бір бөлігі «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісіне жұмсалған (түсім ~9,7 млн теңге).

Екінші эпизод. Гранит тақталарды ұрлау (қыркүйек 2025 ж.): Боқаев сыбайласымен бірге Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырып, кейін оны Б. Instagram-да өзі әшкерелеген ұрлық ретінде жариялаған.

Үшінші эпизод. Ағаштарды заңсыз кесу (қазан 2025 ж.): Б. мен Н. Баума тоғайында жасы 21–150 жыл аралығындағы 16 ағашты кесу мен зақымдауды ұйымдастырған (залал көлемі 213 мың теңге), содан кейін мұны тұрғын үй құрылысына дайындықпен байланыстырып бейнетүсірілім жариялаған.

Көрінеу жалған ақпарат тарату: Б. мен Н. бюджет қаражатына қатысты жалған деректер таратқан — атап айтқанда, екі жаяу жүргіншілер өткеліне шамамен 1 млрд теңге бөлінгені туралы (іс жүзінде конкурстық құжаттамада 10 нысанға күрделі жөндеу көзделген) және «Атакент» аумағын қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражатты тек жарықтандыруға бағытталған шығын ретінде көрсеткен.

Осы және өзге де істер бойынша үкім шығарған сот Санжар Боқаевты 10 жылға, істегі тағы екі фигуранттың бірін 7 жылға, ал екіншісін шартты түрде 2,5 жылға соттады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақалада
#Алматы #сот