«Барлық жерде өріп жүр»: Көкшетауда егеуқұйрықтар көбейіп, тұрғындар дабыл қақты

Тұрғындар егеуқұйрықтарды аулалар мен гараждардың маңынан жиі көретінін айтады. Әкімдік дератизацияны күшейтті

«Барлық жерде өріп жүр»: Көкшетауда егеуқұйрықтар көбейіп, тұрғындар дабыл қақты
Фото: istockphoto.com

Көкшетау тұрғындары қаланы егеуқұйрықтар жайлап бара жатқанына шағымданды. Кеміргіштер қоқыс жәшіктерінің маңында ғана емес, тұрғын үйлердің аулаларында да емін-еркін жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Егеуқұйрықтардың көшеде жүрген видеолары әлеуметтік желілерде де жарияланып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кеміргіштерді күн сайын кездестіруге болады. Олардың арасында ұсақтары да, ірі түрлері де бар.

«Кеше егеуқұйрықтарды өте көп көрдім. Үлкендері де, кішкентайлары да бар. Олар барлық жерде өріп жүр. Гараждардың маңында да, аулаларда да кездеседі. Мен оларды үнемі көремін. Екі апта бұрын ірі егеуқұйрықтарды байқасам, қазір кішкентайлары да, үлкендері де жүр», – дейді қала тұрғыны Сәния Сенбаева.

Тұрғындарды әсіресе кеміргіштердің балалардың назарын аударуы алаңдатады. Өйткені егеуқұйрықтар түрлі ауру таратушы болуы мүмкін.

Әкімдік мәселені мойындады

Қалалық әкімдік өкілдері де жағдайға алаңдаулы екенін жеткізді. Шенеуніктер кеміргіштердің көбеюіне қоқыс алаңдарында жиналып қалған қалдықтар себеп болып отыр деп есептейді. Осыған байланысты қоқыс алаңдарын тазалау және дератизациялау жұмыстары күшейтілген.

Көкшетау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің техникалық қадағалау секторының меңгерушісі Сәкен Назыровтың айтуынша, санитариялық талап бойынша қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар жылына бір рет өңделеді. Алайда тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, бұл жұмыстар кей жерлерде екі-үш рет жүргізіліп жатыр.

«Санитариялық нормаларға сәйкес, контейнер алаңдары бір рет өңделеді. Бірақ қала тұрғындарының өтініштерін ескеріп, кей жерлерде екі рет, тіпті үш рет өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз тек контейнер алаңдарын ғана өңдейміз. Ал тұрғын үйлердің аумағын, шатырларын, жертөлелері мен төбелерін өңдеу – үй иелерінің міндеті», – деді Сәкен Назыров.