Ақмола облысындағы шағын кентте апат болды: күйеуі әйелін көлікпен қағып өлтірген

Алдын ала болжам бойынша, ер адам мас болған

Ақмола облысындағы шағын кентте апат болды: күйеуі әйелін көлікпен қағып өлтірген
Фото: freepik.com

Ақмола облысы Аршалы кентінде мас күйде көлік жүргізген ер адам әйелін басып, өлтіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала болжам бойынша, ВАЗ-2114 маркалы көлікке мас күйде мінген ер адам әйелін басып кеткен. Жарақат алған әйел есін жимастан қаза тапқан.

«Аршалы кентінде тұратын әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды Ақмола облысының полиция департаменті.

Естеріңізге сала кетейік, дәл осыған ұқсас қайғылы жағдай Алматы облысында да тіркелген еді. Биыл 16 мамыр күні Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтік Hyundai Elantra автокөлігін тізгіндеп келе жатқан. Көлік ішінде онымен бірге жұбайы да болған. Сапар барысында ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, ер адам Бақбақты ауылының маңында көлікті тоқтатып, әйелін жол жиегіне түсіріп кеткен. Сәлден соң ол қателігін түсініп, әйелін алып кету үшін артына қарай бұрылған. Алайда, тас жолдың 84-шақырымында жүргізуші жол үстінде тұрған жұбайын байқамай қалып, оны қағып кеткен.

Әйел оқиға орнында көз жұмған.