«Денесіне жабыстырып алған»: Алматы тұрғыны 5 келі алтынды Қорғас арқылы Қытайға алып өтпек болған

Оны шекара бекеті ұстады

«Денесіне жабыстырып алған»: Алматы тұрғыны 5 келі алтынды Қорғас арқылы Қытайға алып өтпек болған
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы тұрғыны жалпы құны 488 млн теңге болатын 5 келі 764 грамм алтынды Қорғас арқылы Қытайға апара жатқан жерінен ұсталды. Жетісу облысының прокуратурасы хабарлағандай, ер адам алтынды денесіне жабыстырып алған, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Алматы қаласының тұрғыны алтынды жасыру үшін  алтын құймаларын жабысқақ таспа көмегімен денесіне жабыстырып алып жүрген. Бірақ, шекарашылар контрабанданы әшкере етіп, оны тәркілеп алды», - деп хабарлайды Жетісу облысының прокуратурасы.

Сот талқылауы өткен кезде прокурор осы азаматтың экономикалық контрабандаға оқталғанын дәлелдеп шыққан.

«Панфилов аудандық соты оның кінәсін дәлелдеп, жалпы құны 488 миллион теңге болатын 5 келі 764 грамм алтынды мемлекет каірісіне өндіріп берген», - деп хабарлайды прокуратура.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Шымкент арқылы Түркияға 2,8 келі алтын алып бара жатқан Өзбекстан азаматтары әуежайда қолға түскен еді.