Қостанайда жеке үйдің екінші қабатынан 5 жасар қыз құлап кетті
Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады
12 тамызға қараған түні сағат 00:02-де жеке тұрғын үйдің екінші қабатының терезесінен 2015 жылы туған қыз құлап кетті. Қыз ата-анасымен Лисаковск қаласынан туыстарына қонаққа келген. Жазатайым оқиға ересектер басқа бөлмеде отырғанда, бала жалғыз қалған кезде болған. Бұл туралы Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы хабарлайды.
«Ол облыстық балалар ауруханасына жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозымен жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады. Айта кету керек, биыл бұл Қостанайда тұрғын үйдің терезесінен бала құлап кеткен төртінші оқиға», - делінген хабарламада.
Облыстық департаменттегілер кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, терезе алдындағы қауіпсіздікті барынша сақтауға шақырды.