Қостанайда сабақ үстінде балаға қол көтерген мұғалім қандай жаза алды?
Сабаққа қатысқан оқушылар мұғалімнің қол жұмсағанын растады, бірақ педагогтың өзі кінәсін мойындаған жоқ
Сабақ барысында оқушыны ұрған мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sputniknews.kz Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«А. есімді азамат Қостанай қаласындағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істей жүріп, кәмілетке толмаған баланы сабақта қасақана ұрып-соғып, денесін ауыртқан», - делінген сот материалдарында.
Сот отырысы барысында педагогтың кінәсі дәлелденді, бірақ өзі мойындаған жоқ. Оқиғаға куә болған оқушылар қол көтеру фактісін растады.
Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен мұғалім әкімшілік жауапкершілік кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен жазаға тартылды.
Бұл бапқа сәйкес, әйел он айлық есептік көрсеткіш (25 мың 250 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 10 тәулік мерзімге қамауда жазасын өтеуі керек.