Оңтүстік Кореяда қамауда отырған қазақ жігітіне қаражат жинау басталды
Биыл 18 қыркүйекте қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы көлікпен қағып кеткен болатын. Қазір тергеу жүріп жатыр
Оңтүстік Кореяда баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған Қазақстан азаматына қатысты сот отырысы 13 қарашаға белгіленген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне аталмыш азаматтың Алматыда тұратын танысы айтып берді. Журналист Әйгерім Таубайдың айтуынша, жігітке алғашында Корея мемлекеті адвокат ұсынған. Ал ертең айыпталушы өзі жалдаған жеке адвокатымен кездесіп, сот барысы туралы ақылдасады. Оның қорғаушысы кореялық азамат. Тергеу изоляторында отырған 20 жастағы қазақ жігітіне апат болған жерді тастап кеткен және елге кіру тәртібін бұзған деген айыптар тағылған.
Оқи отырыңыз: Оңтүстік Кореяда бала қағып кеткен қазақстандыққа қатысты тергеу аяқталды
Істі болып жатқан азаматпен достық қарым-қатынаста болған журналистің айтуынша, қазір туыстары елден қаражат жинауға көшкен. Оның адвокатымен байланыс орнатқан Кореядағы қазақстандықтар жазаны кеміту үшін мемлекет қазынасына қаражат құюға болатынын айтыпты. Әйгерім Таубайдың айтуынша, қазір оның жақындары кем дегенде 5 млн теңге жинау қажет. Ол өзінің инстаграмдағы парақшасына жазба қалдырып, туыс ағасының атына ашылған есепшотты жариялады.
«Бұл жігіт - менің досым. Қазір Оңтүстік Кореяда «Кореяда заңсыз тұрғаны үшін, заңсыз көлік айдағаны үшін, 7 жастағы баланы қағып кеткен кезде оқиға орнынан кетіп қалғаны үшін» айыпталып отыр. ҚР СІМ көрсеткен мәліметке сүйенсек, 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе белгілі бір көлемде айыппұл салынып, жаза мезгілін азайтуға болады. 20 жастағы жігіттің Кореяда тергеу изоляторында отырғанына бір айдай болды. 14 қазанда өз еркімен тергеу амалдарына көмектесу үшін, баланың ата-анасынан кешірім сұрау үшін Оңтүстік Кореяға ұшып барды. Өз еркімен барғанына өзім куәмін»,- деп жазды журналист.
Кеше Нұр-Сұлтан қаласында кезекті брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров көлік қаққан кезде зардап шеккен баланың жағдайы туралы айтып берген болатын.
«Бала есін жиған. Өзі жүріп-тұрады. Аяқ-қолы сау. Тек басына кішкене зақым келген. Соны емдеп жатыр», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, биыл 18 қыркүйекте қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяның Чанвон қаласында жүргіншілерге рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан 7 жасар баланы көлікпен қағып кеткен. Алайда, жерлесіміз көмек қолын созудың орнына оқиға орнынан кетіп қалған деген болжам бар. Ол Қазақстанға ұшып келгенде, полиция іздеу жариялайды. Көп ұзамай жас жігіт қайтадан Оңтүстік Кореяға оралып, кінәсін мойындады. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы