АҚШ студенттері қызу талқылап жатыр: қазақ қызы «Боратқа» қатысты жобадан кейін елдің алғысын алды
Студент әйгілі Джорджтаун университетінде білім алады
АҚШ университетінде «Боратқа» қарсы жоба дайындаған қазақ қыз отандастарының ризашылығына бөленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның жобасы шетелдік студенттердің қызу талқысына түскен.
«Боратқа қарсы жасаған видеомды америкалық Джорджтаун университетінің төрінде көрсеттім Профессорым «You pushed it as far as you could, and didn’t cross the limits. I loved it (Сен барынша батылдық таныттың, бірақ шектен шықпадың. Маған жұмысың ұнады») деп, басқа сыныбында осы фильмді ұзақ талқыладық деді. Қаншама адам келіп, керемет туынды шыққанын айтты. Сәл болса да елімнің даңқын көтеріп жүргеніме қуаныштымын», - деп жазды Джорджтаун университетінің студенті Томирис Тұнғат.
Ол бұған дейін желіде жерлестерінен Қазақстанның әсемдігін паш ететін суреттер сұраған. Оған жүздеген адам Қазақстанның көрікті табиғаты мен заманауи сәулет өнерін бейнелейтін фотосуреттер жолдаған.
Қазір желіде Томиристі қолдап, оның әрекетіне сүйсініп жатқандар көп.
Бұған дейін америкалық комик Саша Барон Коэн «Борат» комедиялық фильмі үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған. Ол қазақшаны мүлде білмейтінін, Бораттың Қазақстанға мүлде қатысы жоқ кейіпкер екенін мойындаған. Еркектерге арналған киім өндіретін қазақстандық Shoqan (shoqansuits) бренді «Борат» фильмі кейіпкерінің бейнесін пайдаланып жарнамалық ролик түсірген соң, сынға ұшырап, кейін роликті өшіріп тастаған. Ал Астанада өткен «Қайрат» пен «Брюгге» командалары арасындағы матчқа Борат киімін киіп келген Бельгияның бірнеше жанкүйері 5 тәулікке қамалып шыққан болатын.