Бораттың киімін киіп, мазақ еткен: «Брюггенің» бірнеше жанкүйері бес-ақ күнге қамалды
Астанада Бельгия азаматтары ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
«Қайрат» пен «Брюгге» командалары арасындағы матчта Бельгияның бірнеше жанкүйері қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жағымсыз әрекеті үшін шетелдік азаматтар темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Қалалық соттың баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.
«2025 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотына Бельгия азаматтары С., Д., Н.-ға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) әкімшілік құқықбұзушылық істері түсті.
2026 жылғы 20 қаңтарда олар мас күйінде «Астана Арена» стадионының трибуналарында киімдерін шешіп, іш киіммен қалып, айналадағылардың назарын өздеріне аудару мақсатында айқайлап, қоғамдық тәртіпті бұзған», – делінген хабарламада.
Сот отырысында олар кінәларын мойындап, әрекеттерін эмоцияның әсерімен жасағандарын түсіндірді. Құқықбұзушылық фактісі бейнежазбалармен дәлелденді.
«ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен С., Д., Н. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», – деп хабарлайды қалалық сот.